Жаңалықтар

АЛМАТЫДА "ШАБЫТ" ДАМУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Алматыда балаларға арналған көпфункционалды "Шабыт" даму орталығы ашылды. Орталықтың жалпы аумағы 3 414 шаршы метрді құрайды. Орталық 2 500-ден астам оқушының білім алып, шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік береді. Жоба Damu Development Group консорциумының жеке инвестициялары есебінен салынып, қалаға сыйға берілген болатын.

Шабыт – қазақстандық балалардың дамуына және болашақ ұрпақтың өсіп-өнуіне арналған консорциум бастамасының жалғасы болып табылады.

«Шабыт» даму орталығы бірден бірнеше кеңістікті біріктіреді – спорт, білім беру және балалардың бос уақыттарын арт-студияда, хореография залында, робототехника кабинетінде, тігін шеберхана мен музыкалық сыныптарда өткізуге арналған. Мұнда сондай-ақ IT-зертхана кабинеттері, амфитеатр және 25 метрлік жолағы бар заманауи жүзу бассейні орналасқан.

«Бұл жобаны іске асыра отырып, біз "Шабыт" орталығының үлгісінде білім беру және балаларды дамыту орталықтарын салудағы заманауи стандарттарды қалыптастырғымыз келді. Әр кезең - жобалаудан бастап жабдықтауға дейін мектеп оқушыларының нақты қажеттіліктері мен талаптарына сай жүзеге асырылды. Мұнда барлығы әр баланың сүйікті ісімен айналысуына, қабілетінің ашылуына, шығармашылық және зияткерлік дарындылықтың дамуына бағытталған тең жағдай жасалып ескерілген», – деді Damu Development Group-тің өкілі Жандос Рахмет.

Жаңа форматтағы балалар орталығы қосымша білім беру бағыттарының аясын кеңейтуге мүмкіндік берді. Бүгінде "Шабыт" негізгі алты бағыт бойынша келесі бағдарламаларды ұсынады:

· ғылыми-техникалық;
· әлеуметтік-педагогикалық;
· гуманитарлық;
· көркем-эстетикалық;
· музыкалық-аспаптық;
· спорттық-сауықтыру.

Ғимараттың құрылысы мен толық жабдықталуына небәрі жеті ай уақыт кетті.

"Шабыт" даму орталығы Damu Development Group консорциумының іске асырған алғашқы жобасы емес. Ұқсас мекемелер Астана және Алматы қалаларында да салынып, жұмыс істеуде. Бұл жобалар ортақ мақсатқа жетелейтін идеямен біріктірілген: әрбір қазақстандық балаға білім алуға, дамуға, спортпен және шығармашылықпен айналысуға арналған толыққанды қолжетімді әрі заманауи кеңістік жасау.

«Алматы қаласының әкімдігі бізге сенім артып, осы жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік бергеніне қуаныштымыз. "Шабыт" орталығы сол сенімнің нақты дәлелі. Мұндай бастамаларға жеке бизнестің қатысуы жай ғана қайырымдылық емес, бұл ел болашағының дамуына салынған сенімді инвестиция көзі болып табылады», – деді консорциум өкілдері.

Орталық бүгінде барлық оқушылар үшін ашық және қолжетімділік қағидаты бойынша жұмыс істейді. Мұнда әр бала өз қызығушылығын тауып, заманауи әрі жайлы ортада дами алады.
2025-05-12 12:36